Мерейлі мереке Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның 60 жылдығына арналған салтанатты жиынмен басталды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Директорлар Кеңесінің төрағасы Вэй Ю Сян, өңіріміздегі мұнай-газ компанияларының басшылары, сала ардагерлері мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлері қатысты.
Шара аясында мұнай-газ саласының ардагерлері мен қызметкерлері «Еңбек ардагері», «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгілерін, ҚР Энергетика министрлігінің марапаттарын алды. Олар сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-нан грамоталар мен естеліктер, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың алғыс хаттарына ие болды.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мұнайшыларды құттықтап, олардың облыс экономикасының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ризашылығын білдірді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы М.Мырзағалиев «Маңғыстаумұнайгаз» өңірдің және жалпы елдің мұнай өнеркәсібі тарихында ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Мерекелік шарада «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Директорлар Кеңесінің төрағасы Вэй Ю Сян мұнайшыларды төл мерекесімен, және компанияның 60-жылдығымен құттықтап, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымы мен басшылығына, сервистік және мердігер компанияларға ерен еңбектері үшін алғысын білдірді.
Мерекелік шара қазақ этрадасының жарық жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың әсерлі концертімен аяқталды.
Салтанатты жиын аяқталған соң компания қонақтарына «Rixos Water World Aktau» мейрамханасында қонақасы берілді.
Бұл мерекелік шарада Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның мұнай-газ саласына еңбегін сіңірген ардагер мұнайшылар Жолдас Тоғжан, Сағын Ерқасұлы Қырымқұлов, Зейнолла Өтежанұлы Алшымбаев, Ләззат Кетебайұлы Қиынов, Мұрат Ізбергенұлы Құрбанбаевтарға зор құрмет көрсетілді.
Абзал ағалар мұнайшыларды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін айтып, баталарын берді.
Салтанатты кеште «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Қазгермұнай» ЖШС, сервистік және мердігерлік компаниялар басшылары сөз сөйлеп, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымы мен басшылығына тілектерін айтып, естелік сыйлықтарын табыстады.
Кеш соңында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасы мүшелері – Бас директор Мұрат Мұстафаев пен Бас директордың бірінші орынбасары Сюй Шиго салтанатты кештің қонақтарына алғыстарын айтып, оларға мықты денсаулық, отбасыларына құт береке, еңбектеріне толағай табыс тіледі.