Көрісуде көп мән бар

14 наурызда «көрісу» деп аталатын ерекше маңызға ие мейрам басталады. Бір ғажабы, алыс пен жақынды байланыстыратын бұл мереке Қазақстанның батыс өңірлерінде ғана жақсы сақталған.

— Ықылым заманнан бері келе жатқан игі дәстүрдің тарихы туралы не айтасыз?

— Көрісудің мәні неде

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

өлкетанушы:

Шүкіршіліктен туған мереке

— Рас, көрісу дәстүрі қазір Орал, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде жақсы сақталды деп жүрміз. Десе де, Абайдың өлеңіндегі «… күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып, қырдағы ел ойдағы елмен араласып» деп келетін жолдар арқылы қазақтың бас ақыны Ахмет Байтұрсынов өз заманында көрісу дәстүрінің қанатын кең жайған мереке болғандығын дәлелдеді.

Тіпті, парсы математигі, астроном, ақын, философ Омар Хайямның «Наурызнамесінде» жаңа жылдың наурыздың 14-інен басталатындығы айтылады. Ескерерлігі, Омар Хайям – өз заманында дүние жүзі мойындаған күнтізбе жасаған ғалым. Оның күнтізбесі аса дәлдігімен, әрі күн қозғалысына негізделуімен ерекшеленеді. Мұның өзі көрісу мерекесінің тамыры әріде жатқандығын дәлелдейді. Расымен де, көрісу мерекесін бүгінде еліміздің батыс өңірлерімен бірге, көршілес Ресей елінің Астрахан, Самара, Волгоград және Саратов облыстары, Қарақалпақ Республикасы мен Өзбекстан елі де ерекше ықыласпен атап өтеді.

Ең алдымен, көрісу – қыстан аман шығып, жаңа өмірге, жаңа күнге аяқ басқан халықтың шүкіршілік етуінен туған мереке. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, бір-бірімен аман қауышқанына қуанады. Әрі кішілер үлкенге көрісіп, құрмет көрсетеді. Бұл мереке біріктіруші тетік бола алады. Өйткені, наурызда табиғат жаңарып, жылан қабығын тастап, халық жаңа өмірге ізгі қадаммен аяқ басады. Бұрынғы өкпе-реніш ұмытылып, тыныштыққа, берекелі тірлікке шүкіршілік етеді.

Абат КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

мәдениет қайраткері:

Табиғатпен астасу

— Көрісу – рухани жаңару, тазару мерекесі ғана емес, қазақтың салт-дәстүрінен туындайтын ерекше бір ғұрып. Көрісудің мән-маңызын көшпенділер дәуірімен, шашырап жатқан ауылмен байланыстырған дұрыс. Салт-дәстүрдің өзі өмір сүру образынан, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайынан туындайтын дүние. Оның үстіне, қазақтың ежелден мал баққан халық екендігін ескерсек, қыстағы ауыл тірлігінің бейнеттен ажырамағаны белгілі. Басқаны былай қойғанда, қыста соққан дүлей дауыл мен үскірік аяздың өзі екі ауыл арасындағы қатынасты қиындатып жібереді. Ал, көктемде жер аяғы кеңиді. Осындайда халық бір-бірінің қыстан аман шыққанына көз жеткізу мақсатында арнайы барып, сәлем беріп, қауышатын болған. Бұл дәстүр Кеңес үкіметі тұсында да қалған жоқ. Қазір де жалғасын тауып келеді. Десек те, біз көрісуді, жалпы Наурыз мерекесін жас буынға ұлттық ерекшелік, ұлттық артықшылық, рухани нәр беруші, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы ретінде дәріптей білуіміз керек.

Көрісу – табиғатпен, жаратылыспен астасқан мереке. Қазақ айтатын амалдардың наурыз айынан басталуының өзі тегіннен-тегін емес. Мәселен,  ата-бабаларымыз жыл аяғында, яғни, наурыз айының 17-21-і күндері аралығында болатын жауын-шашынды, суық, әрі лайсаң мезгіл – бесқонақтан қатты сақтанып отыратын болған. Самарқанның көк тасы жібіп, күн жылып, жердің тоңы кетіп, ашық, шуақты мезгілдер басталатын кез де осы наурызға тұспа-тұс келеді. Мұның барлығы табиғат адаммен бірге жаңарады, жаңа өмірге қадам басады дегенді білдірсе керек.

Батыржан МАНСҰРОВ,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы:

Сәлем – сөздің анасы

– Сәлемдесу, көрісу – мұсылмандардың осы өмірдегі және жұмақтағы амандасу үлгісі, әрі оларды ерекшелейтін белгісі. Алла Тағала Құранда «Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер Раббыларының рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын, астынан өзендер ағатын жәннаттарға кіргізіледі. Олардың жәннаттағы амандасулары «сәлем» болады» деп келтіреді. Саулық сұрау мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бірліктің себепкері.

— Сәлем беріп, көрісудің  аман-саулық сұрау дұғасымен қатар, Алланы еске алу болып табылатын тамаша дәстүр екендігін ескерсек, көрісуде көп мән барын көреміз. Түйіндей келгенде айтарымыз, көрісу  адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес. Жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін, өзара құрмет пен сыйластықты дәріптейтін дәстүрлі көрініс.

P.S.

Тарихшылар наурыз, яғни, көрісу мерекесінің түп-тамыры тереңде жатқанын айтады. Тіпті, көрісу дәстүрі туралы көне Қытай жазбаларының көшпенділерге қатысты деректерінде біраз мәліметтер де келтірілген. Осындайда белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың көшпенділердің көрісу мерекесінің Батыс өңірлерде сақталып қалуының себебін бір замандары ел  астанасы болуымен байланыстыруы ақылға қонымды, тереңірек зерттеуге тұрарлық пікір болып көрінеді. Расымен де, сонау ғұндар дәуірінен басталып, түрік, Алтын Орда дәуірі арқылы бүгінгі күнге жеткен ең ұлық мереке – көрісудің мәнін тереңінен ашып, ұрпаққа дәріптеуде көп істер атқарылуы керек-ақ…

Баян Жанұзақова