Асарда думан күн қандай?..

Біз көрген бүгінгі Асар басқа Асар! Жан-жақта жапан түзді белуарлап жатқан толқын-толқын төбелер мұнайшылар кенті беттен төгіліп жатқан өнерпаздардың әні мен күйіне балқып асқақтай түскендей, әшейінде бұрқыратып-бұрқыратып алатын тентек шаңыт та адамдардың емен-жарқын көңіліне мейірі түскен болу керек, мүләйім. Көне күннің қойнауына кеткен жылдардың көзіндей болып жататын ұзыннан ұзақ созылып жататын барақ іспетті жатаған жатақтардың ортасынан баяғы асхананың орнынан бой көтерген жатақхана ғимараты мұнайшылар мекеніне өзгеше көрік беріп тұрғаны әп-сәтте көзге ұрды...
Бүгінгі думан таң қандай!
Даланың мәңгі тырнақтап жиған байлығы
ақтарылуда фонтандай!
Достыққа мәңгі шам жағып,
бас қосты бүгін сан халық-
мұнайшы мұнда даланың командиріндей
барады самғап алға нық, -
деуші ме еді қазақ поэзиясының падишасы Фариза ақын... Баяғы Жетібайды ашқан мұнайшыларды туу Алматыдан арнайы іздеп келіп, мұнайшының атын жырға мәңгілікке қалдырған Ақын көрген мұнайшының салиқалы буыны бүгінгі мерекенің қақ ортасында болды. Мұнайшылар Күнінің ең басты ұлағаты деп – Жетібайды Жетібай қылған ардагер мұнайшылардың мерекенің мәртебесін көтергенін айт! «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директоры Бақыт Иманбаев тұсаукесер рәсімдерде ақсақалдарды алға салып, өндірістің қақ ортасынан келіп тұрған жастарға үлкендердің ұлағатынан үлгі алуға үндеді, жарты ғасыр бойы қалыптасқан компанияның дәстүрін сақтауға, алға апаруға бағыт сілтеді.
Жаңа жатақхана мен ғимарат жанындағы футболдың «жасыл алаңы» мен қызылды-жасылды безендірілген орталықтағы асхана үйіне қарсы қонған дене-шынықтыру кешенінің ашылу салтанаты – биылғы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы мұнайшылары төл мерекесінің басты шарасы болды.
Мереке салтанаты жаңа жатақхананың ашылуынан басталды. Ұзақ жыл Асар кенорнының өркендеуіне үлес қосқан ардагер мұнайшы Сары Жақсылық, бүгінгі буынның өкілі слесарь-жөндеуші Бақтыбай Балапанов «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Бас директоры Бақыт Иманбаев, Бас директордың бірінші орынбасары Лю Цзиньчэнмен бірге жаңа мекеннің тұсауын кесті. 86 адамға арналған жаңа жатақхананың жабдықталуы мен тұрмыстық мүмкіндіктеріне жиналғандар ризашылық танытып, шексіз алғыстарын жеткізіп жатқанына куә болдық. Футболдың «Жасыл алаңын» атақты ардагер мұнайшылар Баязи Қарамұрзиев аға мен Әсима Қисметова апаның тұсауын кесуі сол еді, шиыршық атып тұрған жетібайлық атақты футболшылар компания басшылары Бақыт Алтайұлы мен Лю Цзиньчэн тастаған допты іліп әкетіп, алғашқы қос голды тордың ішінде тулатты...
Сахнадағы ресми жиынның бастауында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Бақыт Иманбаев:
- Асар кенорнының игерілу кезеңі 1973 жылдан басталады. Қазір біз жаңғырған, өркендеген жаңа заманғы кенорнында кездесіп тұрмыз. Бүгінгі ашылып отырған 86 адамдық жатақхана, жасанды шағын футбол алаңы, кітапхана, тренажер залы, сондай-ақ жаңа кір жуу орталығы, Жаңа Жылда ашылған 75 адамдық жаңа асхана - осының барлығы компанияның әлеуметтік саясатының игі нәтижесі. Бұл Асар кенорнының даму болашағы ескеріліп жасалып жатқан маңызды әлеуметтік шаралар. Алдағы кезеңде – 2019 жылы мұнда тағы екі жұмысшылар жатақханасының құрылысын жоспарлап отырмыз, - дей келіп, барлық ардагерлерге, сондай-ақ қазіргі таңда еңбекпен ел игілігін еселеп жатқан мұнайшыларға алғысын жеткізді. Еңбекте үздік шыққан майталман озаттарды Облыс Әкімінің құрмет грамоталарымен, Энергетика министрлігі, сондай-ақ компанияның алғыс хаттарымен марапаттады.
Жиында Жетібай селосының әкімі Қуаныш Асанов, «ММГ» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Лю Цзиньчэн, "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің" төрағасы Тарғын Мысамбаев құттықтады.
...Бір өңірдің ғана емес, бүтін бір елдің ырысына айналған байлықтың көзін ашып, өндірістің өрісін кеңейткен майталман мұнайшылардың әрқайсысының көңілінің төрінде Қарақияның ойпатынан асқақтата салған әндерінің қанатында Қазақияны бағындырған Лұқпан Жолдасов, Айгүл Қосанова, «Самал» тобы, Фарида Жолдасова сыйлаған көркем саз кетті. Елден алысқа ұзамаса да, мұнайын өндіре жүріп өнерін жетектеген Талғат Жақыпов, Айбек Жұрынбаев, Әсет Нұрсебепов, Махинур Ерғалидың сахнадағы ән-күйіне жапан даладағы качалкалар да бүгін қосыла ырғалған шығар!.. Қос ақын - қаламқастық Райымбек Түзел мен Абай Жолмағанбетовтың мұнайшыларға мерекелік арнауы жақсы сөзді сағынған мұнайшыларды біраз кеу-кеулетті...
...Жыл құсындай айналып бір соғатын төл мерекеге әсерленген көп қауым ұйымшыл ұжымның әлі де талай асқаралы асуларды бағындырып, Маңғыстаудың «алтын сандығының» жаңа қатпарларын ашатынына сенген көңілмен тарастық...

***
Арнау

Бет жүзімді айтыста көргенсіңдер,
Айт, айт деп талай шабыт бергенсіңдер,
Құдай берген Мұнайды қазамын деп
Барлығың тура жолға ергенсіңдер.

Шайыр боп шыққаннан соң шындықты айтам,
Текті сөз айта алмасам тергерсіңдер,
Қатты аязбен қатты ыссы болғанда да
Қиналмай барлығына көнгенсіңдер.

Ентелеп қандай дұшпан келгенде де,
Елімнің ертеңіне сенгенсіңдер.
Екі мың, Үш мың метр тереңдіктен,
Мұнайдың көзін тапқан мергенсіңдер.

Ендеше мерекеңмен құттықтайын,
Барлығың бір көштегі керуенсіңдер,
Жер астының байлығы мұнай болса,
Жер үстінің байлығы Сендерсіңдер.

Мұнайшылар мерекең құтты болсын!
Бұл мейрамның жөн болмас бос қалғаны,
«Маңғыстаумұнайгазым» тойлап жатса,
Айтылар ақыныңның астарлы әні.

Атынан «OSCның» мен шыққасын,
Өлеңімнің жөн болар тәш болғаны,
Мен үшін қос мекеме орны бөлек,
Том том боп жазылардай дастандары.

Бірі болса қазақтың қасқалдағы,
Ал бірі Маңғыстаудың бас бармағы,
Мұнайын жерден қазып жатқанымен,
Құдайын ұмытпаған аспандағы.

Кетпейтін ақын едік ағат жырдан,
Бізді шайыр деп сендер санап тұрған,
Мұнайшылар сендер ғой мерекеде,
Барлығын жақсылыққа балап тұрған.

Кітапxана билярдпен Спорт кешен,
Салың деп емес едік талап қылған,
Және де жатаxана сап бердіңдер
Асарымды сәулеті абат қылған.
Барлығыңа бұйырсын бір бір бөлме,
Балконы качалкаға қарап тұрған.

Айтысқа шақырушы- ед жігіт Жүрсін,
Сөзімнен оны айтпай-ақ біліп тұрсың,
Сөз соңында айтайын елге тілек,
Жұрт етіп сауық-сайран құрып тұрсын.

2030 келіп біздің Қазақ,
Әлемге миығынан күліп тұрсын.
Автокөлік шығарып біздің қазақ
Жапонменен немістер мініп тұрсын.

Франция, Испания мен Италияны,
Біздің елдің футболы қызықтырсын.
Қытайдан да көп болып қазақ саны
Жеңгейлер он -онбестен туып тұрсын.

Ағылшындар демалып Кендірліде,
Шведтер сыймай қалып тұрып тұрсын.
Айтысты өз тіліне аудармалап,
Кәдімгі кәріспенен түрік тұрсын.

Мұнайыңды саудалап барлық әлем,
Босағаңнан мүләйіп кіріп тұрсын.
Ал қазақтар тек қана шекарадан,
Меккеге бару үшін шығып тұрсын.

АБАЙ ЖОЛМАҒАНБЕТ
«ОСК» компаниясының қызметкері

На данном изображении может находиться: 13 человек, люди улыбаются, на улице

На данном изображении может находиться: 12 человек, люди стоят

На данном изображении может находиться: 5 человек, люди улыбаются, люди стоят, костюм и на улице

На данном изображении может находиться: 7 человек, люди сидят

+3

 

Начало формы

Конец формы